Форум барысында «QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС өкілдері - Дархан Жалиев, техникалық саясатты дамыту және стандарттау департаментінің жетекші сарапшысы, және Дана Рахимова, стратегия және бизнес дамуы департаментінің жетекші сарапшысы, ҒТО жастар кеңесінің тоғыз айдағы қызметі жөнінде есеп ұсынып, негізгі бастамалар мен жетістіктермен бөлісті.
«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ тобының жастар саясатын дамытуға қосқан белсенді еңбегі мен үлесі үшін екі қызметкер де «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алибек Жамауовтың алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, Дархан Жалиев компанияның имиджін дамыту мен қоғамдық өмірін белсенді насихаттағаны үшін «Компания елшісі» марапатына ие болды.
Форумның мақсаты - жас мамандардың кәсіби дағдыларын дамыту, еңбектің құндылығын арттыру және оларды қолдау болды. Үш күн бойы қатысушылар оқу модульдерін, шеберлік сабақтарын және тәжірибелік сессияларды қамтыған мазмұнды бағдарламадан өтті.
Іс-шара «Каспий теңізін қорғайық» ұранымен өткен экологиялық акциямен қорытындыланды. Акция барысында қатысушылар теңіз жағалауын тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтті және компанияның жас қызметкерлерінің бірлігі мен жауапкершілігінің нышанына айналды.
QazaqGaz компаниясының жастар саясаты белсенді түрде дамып келеді: қызметкерлер әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға, донорлық және волонтерлік бастамаларға тұрақты түрде қатысып, қоғам мен қоршаған ортаның тұрақты дамуына өз үлестерін қосуда.