QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы Назарбаев Университеті мен ҚБТУ өкілдерімен кездесу өткізді
«QazaqGaz Ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС-де Назарбаев Университеті мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында университет өкілдері QazaqGaz еншілес ұйымдарының қызметкерлеріне «Газ саласындағы жасанды интеллект (ЖИ) пен машиналық оқытудың қолданылуы» тақырыбында презентация ұсынды.
Іс-шара аясында газ өнеркәсібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді шешуде жасанды интеллект пен машиналық оқыту әдістерінің рөлі қарастырылды. Атап айтқанда:
- Табиғи газды тасымалдау кезінде жиі кездесетін аса маңызды мәселе — газ гидраттарының түзілуін болжау;
- Өндірістік процестерді оңтайландыру және газ кен орындарының жұмысын болжау;
- Технологиялық тәуекелдерді ерте диагностикалау.
Презентация барысында ЖИ әдістері қабат параметрлері – қысым, температура, газ құрамы және т.б. бойынша үлкен көлемдегі деректерді тиімді талдауға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Бұл әдістер жасырын заңдылықтарды анықтап, нақты болжамдар жасауға жол ашады. Мұндай тәсілдер басқарушылық шешімдердің сапасын арттырып, газ кен орындарын игерудің тиімділігін жоғарылатады.
Презентациядан кейін қатысушылар Назарбаев Университетіне барып, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің зертханаларының жұмысымен танысты.
Сапар аясында келесі зертханалар мен құрал-жабдықтар көрсетілді:
- Кен өзегін талдау, петрофизика және модельдеу зертханалары;
- Флюидтерді, термодинамика мен фазалық күйлерді зерттеуге арналған заманауи жабдықтар;
- Геология және жасанды интеллект тоғысындағы озық ғылыми зерттеулер мысалдары.
Зертханалармен танысу QazaqGaz еншілес ұйымдарының мамандарына кен орындарын игеру саласындағы қазіргі ғылыми зерттеулер туралы, сондай-ақ жасанды интеллектіні зертханалық және өндірістік жұмыстарға біріктіру мүмкіндіктері туралы түсінік алуға мүмкіндік берді.